15:20 Қазақстан

Синоптиктер Қазақстанда қазан айы жылы болады деп болжайды

Қазан айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2°C жоғары болады деп күтіледі. Бұл туралы Қазгидромет консультативтік ауа райы болжамында мәлімдеді.

Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында ауа температурасы климаттық норма шамасында болады деп болжануда.

Қазақстанның басым бөлігінде бір айдағы ауаның орташа температурасы плюс 3-10°C, елдің оңтүстік жартысында - плюс 11-16°C болады.

Қазан айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында күтіледі. Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп болжануда.

Жамбыл облысының басым бөлігінде және Жетісу облысында, Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Ұлытау облысында, Қарағанды облысының оңтүстік жартысында, Абай облысында, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарының солтүстік жартысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады деп күтіледі.