11:20 Қазақстан

Солтүстік Қазақстанда Harvest Agro-мен бірлесіп АӨК үшін кадрлар даярлау басталады

Kozybayev University мен Harvest Agro өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені үшін кадрларды бірлесіп даярлау жөнінде келісімге келді. Атап айтқанда, студенттер үшін өндірістік практика мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ бизнес өкілдерін дипломдық және магистрлік жұмыстардың тақырыптарын таңдауға тарту көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Біздің міндетіміз – алдағы бес жыл ішінде Қазақстанның 12 өңірінде 60 жобаны жүзеге асыру. Ол үшін агротехнологияларды, инженерлік шешімдерді, биоинженерия мен жасанды интеллектіні меңгерген мамандар қажет. Сондықтан біз еліміздегі кадрлық және сараптамалық әлеуетті дамытуға, сондай-ақ жаңа құзыреттер қалыптастыратын жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз», – деді кездесуде «Харвест Агро Холдинг» ЖШС-нің HR-директоры Жанар Капенова.

Өз кезегінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исакаев жоғары оқу орнының мақсаты – аграрлық кәсіпорындардың нақты міндеттері дипломдық және магистрлік жобалардың негізіне айналып, оларды шешуге агрономдар, технологтар, IT-мамандар мен ғалымдарды біріктіретін пәнаралық командаларды тарту екенін атап өтті.

«Мұндай тәсіл студенттерге оқу кезеңінің өзінде нақты өндірістік міндеттермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ербол Исакаев.

Ынтымақтастық аясында тараптар топырақ пен судың құрамын талдау, суармалы егіншілікті дамыту, цифрлық мониторинг жүргізу және өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кездесу қорытындысы бойынша Kozybayev University мен «Харвест Агро Холдинг» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Harvest Agro – өсімдік шаруашылығы және заманауи агротехнологиялар саласында жобаларды жүзеге асыратын халықаралық компания. Компания әлемнің 35-тен астам елінде жұмыс істейді және Қазақстандағы өндірістік қатысуын кеңейтіп келеді.