13:15 Мал шаруашылығы

СҚО-ға Германиядан асыл тұқымды малдың алғашқы партиясы келді

Солтүстік Қазақстан облысына Германиядан голштин-фриз тұқымының 165 асыл тұқымды қашарының алғашқы партиясы келді. Малды Мағжан Жұмабаев ауданындағы «СК Агро 2050» ЖШС тауарлы-сүт фермасына жеткізді.

Қарағанды әуежайында қажетті рәсімдерден өткеннен кейін мал фермаға жеткізілді. Әкелінген малдар карантинге орналастырылып, онда ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың тиісті кешені жүргізілуде.

Жоба аясында барлығы жоғары өнімді 660 бас асыл тұқымды мал әкелу көзделген. Қалған 495 қашар кезең-кезеңімен жеткізіледі.

«Береке» бағдарламасы бойынша «Солтүстік» ӘКК арқылы асыл тұқымды мал сатып алуға 1,4 млрд теңге бағытталды. Қаржыландыру мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспары шеңберінде берілген.

Асыл тұқымды малды әкелу сауын табынды ұлғайтуға және сүт өндірісінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба аясында тауарлы-сүт фермасындағы мал басын кезең-кезеңімен 12 мың басқа дейін жеткізу жоспарланған. Кешен жобалық қуатына шыққаннан кейін тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіру күтілуде.

Жобаны іске асыру нәтижесінде 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.