09:15 Қазақстан

Аграршылар жерге орналастыру жөніндегі даулы құжатқа қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінен түсініктеме талап етуде

Аграршылар Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген шаруашылықішілік жерге орналастыру (ШІЖО) жобаларын әзірлеу талабын бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Алайда фермерлер орындай алмай отырған бұл талапқа қатысты мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Осыған байланысты Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырысында фермерлер Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайта жүгініп, аталған құжатты әзірлеуге қатысты нақты нұсқаулық, түсінікті алгоритм және әдістеме беруді сұрады.

«Атамекен» ҰКП атап өткендей, ШІЖО-ға қатысты құқықтық вакуум тіпті адал жұмыс істеп отырған шаруашылықтардың тұрақты қызметіне қауіп төндіреді. Шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасының болуы туралы талап Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 20 сәуірдегі №119 бұйрығымен бекітілген. Бұл құжат міндетті талаптар тізімінде әлі де бар: 2025 жылғы 4 қазандағы №353 бұйрықпен бекітілген Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, ШІЖО жобасының болуы арнайы комиссия жұмысы кезінде 3 балл береді.

«Фермердің жерді жалға алу мерзімі аяқталған кезде әкімдік жанындағы комиссия шартты ұзарту мәселесін балдық жүйе негізінде шешеді. Бұл ретте төленген салықтар, инвестициялар, құрылған жұмыс орындары және ШІЖО жобасының болуы ескеріледі. Балл жетіспеген жағдайда жер пайдаланушы өз учаскесінен айырылып қалуы мүмкін. ШІЖО жобасы айтарлықтай 3 балл береді, алайда аграршылар өздеріне байланысты емес себептермен бұл балды ала алмай отыр», – деп атап өтті «Атамекенде».

Палата мәліметінше, Ақмола облысында жобалары мемлекеттік органдар тарапынан міндетті түрде қабылданатынына кепілдік беретін, тәжірибесі расталған мамандандырылған компаниялар іс жүзінде жоқ.

Қағаз түріндегі құжаттың болмауына байланысты жер пайдалану заң тұрғысынан «ұтымсыз» деп танылады. Бұл ретте жер заңнамасының нақты талаптарын бұзу туралы сөз болып отырған жоқ: шаруашылықтардың басым бөлігі ауыспалы егіс тәртібін, агротехникалық және экологиялық нормаларды сақтайды, жайылым есебін жүргізеді. Алайда ШІЖО жобасының болмауы үшін фермерлерге ҚР ӘҚБтК-нің 338-бабы және ҚР Жер кодексінің 93-бабы бойынша санкциялар қолданылуы мүмкін. Олар салықты бірнеше есе арттырудан бастап жер учаскесін мәжбүрлеп алып қоюға дейінгі шараларды қамтиды.

«Бүгінде заңнама талаптары оларды орындаудың нақты институционалдық және нарықтық мүмкіндіктерінен озып отыр. Бұл құқықтық белгісіздік қалыптастырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кінәсінен емес, жаппай құқық бұзушылықтарға жол берілу қаупін туындатады», – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.

Мәселені шешу үшін Кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар практикалық шара қабылдауды ұсынды. Ең алдымен, қазіргі жағдайда жұмыс істеу тәртібіне қатысты ресми түсініктеме беріп, білікті әзірлеушілердің тізілімін жариялау қажет. Сондай-ақ Бірыңғай мемлекеттік оператор құру немесе жер санаттары бойынша ШІЖО-ның үлгілік жобаларын енгізу мәселесін қарастырған жөн.

Бұдан бөлек, Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары түсінікті тетік әзірленгенге дейін айыппұл салу мен жерді алып қоюға уақытша мораторий енгізуді, қолданыстағы қағидаларды түзетуді және АӨК-ті мемлекеттік қолдау аясында ШІЖО жобаларын әзірлеуге субсидия беруді ұсынды.