Құрық портынан Иранға жаңа паром бағыты ашылады
Құрық порты Иранның Амирабад және Анзали порттарына қараша айында жаңа паром бағытын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы KAZLOGISTICS Қазақстан көлік қызметкерлері одағында хабарлады.
«Бастапқыда ресейлік кемелерді пайдалану жоспарланып отыр, оған ұзындығы 17 метрге дейін жететін 32 ауыр машина сыяды. Жүкті тасымалдау құны бір бағытқа $ 1600-1700 құрайды», - деп хабарлады KAZLOGISTICS.
Одақта атап өткендей, Құрық портында кедендік бақылау ғимараты салынды, фито-карантин, ветеринариялық-санитарлық бақылау қызметтері порт аумағында орналасқан. Барлық мемлекеттік және порттық қызметтердің жұмысын ұйымдастыру бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылады, бұл портқа кіру және шығу кезінде уақытты дұрыс жұмсауға мүмкіндік береді.