Қазақстанда жауапты фермерлерге жерді жалға беру мерзімін ұзарту ұсынылды
Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев жерді жауапты түрде пайдаланушыларға жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға беруде артық құқық беру керек деп санайды. Бұл туралы ол бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы кезінде айтты.
«Қазақстан азаматтары ауыл шаруашылық жерлерін 49 жылға жалға алғандардың мерзімін одан әрі созылуы мүмкін. Сонымен бірге, оларға жерді жалдау құқығын сақтай отырып, мұрагерлік жолымен жерді беруді қамтамасыз ету қажет. 49 жылдан кейін жер пайдаланушы немесе оның ұрпақтары оны одан әрі пайдалану құқығына ие болуы тиіс. Бұл мәселе Жер кодексінің 37 және 97-баптарында жазылған, соны мұқият оқып шығуларыңызды сұраймыз», - деп ұсыныс айтты Жигули Дайрабаев.
Сонымен бірге ол тек жерді жалға беру шартын сақтай отырып, ауылшаруашылық жерлерін сатуға тыйым салуды жақтады. Фермерлер одағы мамандарының ойынша, бұл жағдай жер дауларын тоқтату үшін қажет.
Айта кетерлік жағдай, аталған Комиссияның бірнеше мүшелері ауыл шаруашылық жерлерін сатуға тыйым салу туралы ұсыныс жасады, атап айтқанда сенатор Ахылбек Күрішбаев.
Сонымен қатар, Жигули Дайрабаевтың пікірінше, жер пайдаланушы Қазақстан азаматтығынан шыққан кезде оның иелігіне әсер ету механизмі белгіленуі керек. Өздеріңіз білетіндей, шетелдік азаматтарға ауыл шаруашылық жерлерін сатып алуға немесе жалға алуға заң жүзінде тыйым салынады.
«Жер пайдаланушылардың шетел азаматтығын алу фактілері бар. Жақын арада біз тиісті материалдарды комиссияның қарауына жібереміз. Шетел азаматтығын алған адамдардың мыңдаған гектар жерді банктерге кепілге қойып, ақшасын алып, қайтара алмай шетелге кетпеуіне кім кепіл? Заңның күші болу үшін осы мәселеге қарсы тиісті тәсілдер қолданылған дұрыс», - деп атап өтті спикер.
Ол сонымен қатар ауыл шаруашылық жерлерінен түскен барлық салықтарды ауылдық жердің бюджеттеріне жіберуді және облыстық әкімдіктердегі жер комиссияларын емес, оның орнына барлық процесті цифрлық технологияға көшіруді және фермерлерге жаңа технологияларды үйретуді ұсынды.