Айболат Әбенов Аграрлық несие корпорациясын басқаратын болады
«Бәйтерек» ұлттық басқарма холдингінің шешімімен Айболат Абенов «Аграрлық несие корпорациясының» басқарма төрағасы болып сайланды. Бұл туралы АНК баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұған дейін ол корпорацияның басқарушы директоры, Басқарма мүшесі лауазымын атқарған, филиалдың қызметі мен несие туралы мәселесіне жауапты болған.
Осы кезге дейін Басқарма төрағасы болған Бағлан Күлтаев «Бәйтерек» ҰБХ» басқармасының шешімімен тараптардың келісімі бойынша мерзімінен бұрын қызметінен босатылды.
Айболат Әбенов Мәскеу халық шаруашылығы институтын экономист-өндіріс менеджері мамандығы бойынша бітірген. 19 жыл қаржы секторында орталық және өңірлік деңгейдегі түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Мемлекеттік және жеке меншік ұйымдарда жұмыс тәжірибесі бар.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауылда бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыратын кредит берудің қолжетімді жүйесін қалыптастыру бойынша мемлекеттік саясатты іске асырады. Корпорация «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының құрамына кіреді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша АНК-тың таза пайдасы шамамен 20 млрд теңгені құрады.