Фермерлер Алматының сауда желілеріне өнімдерін тікелей өткізетін болады
Алматы облысының азық-түлік өндірушілері мен ірі сауда желілері өнімдерді тікелей жеткізу туралы келісімге келді. Осы мәселеге байланысты бүгін тиісті шешім шығарылып, күнбағыс майын, күріш және сиыр етін өндірушілер, ірі сауда желілері және Алматы мен облыс әкімдіктері меморандумға қол қойды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, өнім алматылықтар мен Алматы аймағының тұрғындары үшін белгіленген бағамен сатылатын болады. Аталған шаралар Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру болып табылады.
«Бұған дейін маусым айында ӘКК ауыл шаруашылығы өндірушілерінің сауда желілерімен кездесуін ұйымдастырды, оның қорытындысы бойынша сүт және сүт өнімдерін, қант, жұмыртқа және басқа да азық-түліктерді тікелей жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Біздің мақсатымыз Алматы облысының өндірушілеріне сауда желілерімен өзара байланысты орнатуға және жеткізілімдерді келісімшарттаурмен бекітуге көмектесу болып табылады. Бүгін «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС, «Динара Ranch» ЖШС, «Агрофирма Бірлік» ЖШС және «Тамшы-Бұлақ» ЖШС, ірі сауда желілерінің өкілдері - Magnum Cash & Carry, «Скиф Трейд» және өңір әкімдіктері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды»- деп хабарлады «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Азамат Рахимов.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстанда шілде айында еттің барлық түрінің бағасы өсті
Осы жағдайға байланысты өткізілген кездесулер аясында тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау тәсілдері, атап айтқанда, айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген қарыздар ұсынылды, олар өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, халық үшін тауарлардың қолжетімді болуын қамтамасыз етуі тиіс.
«Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл ерекше бақылауда тұрған стратегиялық маңызды мәселе. Бүгін біз ет, май және күріш жеткізу туралы меморандумға қол қойдық. Алдағы маусымға, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 2022 жылдың сәуіріне дейін біз 22 млрд теңгеге 2,5 мың тонна көкөніс сатып алу туралы шарт жасадық», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кикимов.
Әкімдікте атап өткендей, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін Алматы облысында тұрақтандыру қорын қалыптастыру және кәсіпкерлік субъектілеріне, сауда кәсіпорындары мен өңірдің тауар өндірушілеріне жеңілдікпен қарыз беру үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Оның орнына кәсіпкерлер бағаны тежеуге міндеттеме алды. Жеңілдікпен берілетін қарыздар Toimart сауда желісіне, «Көгер Лтд» ЖШС, «АқсайНан» ЖШС, «АқсуҚант» ЖШС, «Ләззат-2016» ЖШС және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу және жеткізу үшін басқа да өндірушілерге берілді.