20 октября 2021 Қазақстан

ҚР-дағы ауыл шаруашылығы өндірісінің Еуропамен салыстырғанда артықшылықтары қандай

Еуропа елдері өндірісті экологияландыруға және экстенсивтендіруге ұмтылады. ЕО-ның аграрлық саясаты қоршаған ортаға жағымсыз әсерді төмендететін "жасыл" технологияларды қолдану жағына реформалануда. Қазақстанда ауыл шаруашылығы экологиялық таза өнім өндіру үшін барлық жағдайға ие, ал ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің ауқымды аумақтары оны ішкі тұтыну мен экспорт үшін жеткілікті көлемде өндіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы DLG Ауыл шаруашылығы және азық-түлік халықаралық қауымдастығының Шығыс Еуропа бойынша өңірлік директоры Ольга Хунгер KazAgro/KazFarm көрмелері аясында ұйымдастырылған "Қазақстан Республикасының АӨК дамытудағы цифрландырудың өзекті трендтері мен рөлі" тақырыбындағы дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде хабарлады.

"Бүгінгі таңда, әсіресе Еуропалық Одақ елдері үшін тыңайтқыштарды саралап енгізу және өндіріс қаражатын үнемдеу басты назарда. Бұл туралы Қазақстанда да айтылуда, бірақ мұнда тәсілдемелер біршама өзгеше. Қазақстанда тыңайтқыштарды енгізу мөлшерін арттыруға тырысуда, Германияда оларды қысқартуға тырысуда", - деді Ольга Хунгер.

Бұл ретте, Қазақстанда тыңайтқыштарды енгізу мөлшерлері ғылыми негізделген нормадан едәуір артта қалатынын, ал кейде мүлдем қолданылмайтынын атап өту маңызды.

Тақырып бойынша оқу: Елордада KazAgro/халықаралық аграрлық көрмесі ашылды

"Егер тыңайтқыштарды енгізу қарқындылығы бойынша қарайтын болсақ, мен Қазақстанда осы мәселені зерделей отырып, таң қалдым: егіс алқаптарының тек 11% - ына ғана минералды тыңайтқыштар енгізіледі. Ал органикалық тыңайтқыштарды қолдану мүлдем маңызды емес деп айтуға болады, 3%. Сондықтан бұл жерде өсу мен қарқындылық әлеуеті қоректік заттарды енгізу деңгейі бойынша өте жоғары", - деп атап өтті сарапшы.

Оның пікірінше, агросектордың инновациялық дамуы барлық артықшылықтарды оңтайлы пайдалануды қамтамасыз ету үшін белгілі бір аймақтық факторларға бейімделуі керек. Қазақстанда мұндай артықшылықтар жер ресурстарымен үлкен қамтамасыз етілу, тұқым шаруашылығын дамыту үшін кең аумақ, суару жүйелерін дамыту мүмкіндігі болып табылады.

"Менің ойымша, Қазақстанда үлкен бәсекелестік артықшылық болуы мүмкін. Егер Еуропалық Одақта өндірісті экологияландыру, экстенсификациялау бағытында даму жүріп жатса, онда Қазақстан қазірдің өзінде осы сатыда", - деп атап өтті Ольга Хунгер.