Қазақстанда жерді суғаруға 221 млрд теңге бөлінеді
Қазақстанда жерді суғаруды қайта қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 221 млрд теңге бөлінеді. Бұл ақпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сілтеме жасалып, LS материалында жарияланды.
Хабарламада айтылғандай, қазіргі уақытта даму банктерінен қарыздарға 134,3 млрд теңге, республикалық бюджеттен қаржыландыруға 86,7 млрд теңге бөлінеді.
Негізгі инвестициялар 2017-2021 жылдары АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Аталған бағдарлама бойынша 610 мың га алқаптағы инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін бұл 146 мың гектарды, оның ішінде 2019 жылы 66 мың гектар жерді қамтуға мүмкіндік болды.
«Бірінші кезеңде суармалы жерлердің инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстарында 128 мың гектарға Ислам Даму Банкі (ИДБ), Еуропалық Қайта Құру және даму банкі (ЕҚДБ) сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаттары қолданылды»- деп атап өтті Экология министрлігі.
Айта кетсек, Қазақстанда 2020-2021 жылдары 6785 шақырым канал, 4 су қоймасы, 4 су торабы, 239 тігінен салынған дренажды скважина және 23 мыңдай су құбыры қайта жөнделетін болады. 2020-2021 жылдары ирригациялық инфрақұрылымдарды дамыту мен қайта жаңарту жобаларын іске асыру Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында 500 мың гектарға жуық жерді қосымша суаруды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл үшін шамамен 274 млрд теңге қарастырылған. Сол кезде 88 мың жаңа жұмыс орны ашылады, оның 11 мың орны құрылыс және жөндеу жұмыстары кезінде және 77 мыңы тұрақты жұмыс орны ретінде ашылатын болады.