25 ноября 2021 Қазақстан

АШМ қайта өңдеушілер үшін субсидия алуға "Күту парағын" енгізді

Ауыл шаруашылығы министрі 2014 жылғы 26 қарашадағы "Қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім шығаруы үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа түзетулерге қол қойды.

Басты өзгерістердің бірі субсидия алуға арналған "Күту парағын" енгізу болып табылады. Бұл Қағидалардың 22-тармағында көзделген.

"Тиісті қаржы жылына арналған қаржыландыру жоспарына сәйкес қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарын субсидиялауға көзделген қаражат жетіспеген кезде өтінімдер резервке (күту парағына) түседі. Резервке (күту парағына) түскен өтінімдер бойынша субсидияларды төлеу ағымдағы қаржы жылында немесе одан кейінгі қаржы жылдарында қосымша бюджет қаражаты бөлінген кезде өтінімдердің келіп түскен күні мен уақытына сәйкес кезектілік бойынша жүзеге асырылады", - делінген құжатта.

Бұл ретте, нормативтер мен субсидияларды есептеу тәртібі өзгерген жағдайда, күту парағындағы өтінімдер бойынша төлем оларды беру сәтінде қолданылған нормативтерге сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Тақырып бойынша оқу: $70 млн пайда: Қазақстан неге астықты емес, ұнды экспорттауы тиіс

Қағидаларға сәйкес, қайта өңдеуші кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеу үшін оны сатып алуға субсидиялар жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Өтінімдерді қабылдау қайта өңдеуші кәсіпорынның тіркелген жері бойынша 1 сәуірден 10 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) жүзеге асырылады.