Қазақстанда ең төменгі жалақыны ауыл шаруашылығы қызметкерлері алады
Қазақстанда ең төменгі жалақыны ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы қызметкерлері алады. Бұл ақпаратты Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың І тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 199 206 теңгені құрады. Атаулы жалақы индексі өткен жылғы тиісті тоқсанда 118,2%, ал нақты жалақы индексі 111,5% құрды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, әртүрлі салаларда ең үлкен атаулы жалақыны тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу кәсібінің мамандары — 444,0 мың теңге алады екен.
«Ең төменгі атаулы жалақыны ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығының қызметкерлері алады, ол- 105,1 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 47,2% %-ға төмен», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, кен өндіру өнеркәсібінде және карьерді қазуда — 444,0 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,2 есе артық), қаржылық және сақтандыру қызметінде — 371,1 мың теңге (1,9 есе), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында — 338,7 мың теңге (1,7 есе), Ақпарат және байланыс саласында — 305,4 мың теңге (1,5 есе), көлік және қойма саласында — 245,8 мың теңге (1,2 есе) ең жоғары атаулы жалақы алатындары белгілі болды.
Әр өңір бойынша бөліп есептегенде ең жоғары жалақыны Атырау облысында алады-346,4 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,7 есе артық. Солтүстік Қазақстан облысында оның көлемі 141,7 мың теңгені құрады, бұл елдегі орташа жалақы деңгейінен 28,9% төмен болып есептеледі.