15:00 Қазақстан

Алматы облысында 30 мың тонналық агрокешен іске қосылды

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында дәнді және майлы дақылдарды қабылдау, тазалау, кептіру және сақтау бойынша QazEcoDan кешені іске қосылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 21 млрд теңгені құрады. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Кешенде бір мезетте 30 мың тоннаға дейін өнім сақтауға болады. Кәсіпорында Германияда өндірілген технологиялық жабдықтар орнатылған, ал астық сақтауға арналған қоймалар Испаниядан жеткізілген.

Кәсіпорында қазірдің өзінде 30 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Кешеннің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын теміржол тармағын салу жоспарланып отыр. Ол астық тасымалдауды оңтайландырып, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта кешенде өңделіп, сақталған өнімді Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және басқа да елдерге экспорттау жоспарланып отыр.