11:30 Қазақстан

Қазақстанда 14,5 млн га ауыл шаруашылығы алқаптары егілді

Қазақстанда 26 мамырдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 14,5 млн га алаңға егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 10 млн га алаңға, майлы дақылдар – 3,2 млн га егілді. Жалпы егіс алаңы 23,8 млн га құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың га артық. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, жемшөп дақылдары 861,4 мың гектарға, мақта – 167,3 мың гектарға, көкөніс дақылдары – 109,1 мың гектарға, бақша дақылдары – 80,3 мың гектарға, картоп – 107,7 мың гектарға, қант қызылшасы – 22 мың гектарға егілді.

2026 жылға тыңайтқыштар енгізу жоспары 2,3 млн тоннаны құрайды. Әкімдіктердің жедел деректері бойынша бүгінгі күні 1,5 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалып, 1,3 млн тонна жөнелтілді.

2026 жылға арналған өңірлердің жергілікті бюджеттерінде фермерлер үшін тыңайтқыштардың қолжетімділігін арттыру мақсатында тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 56,3 млрд теңге көзделген.

Жалпы еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарында 133,9 мың трактор, 5,6 мыңға жуық егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралдары бар.