Жетісуда өсімдік майы өндірісі іске қосылды
Жетісу облысында қуаттылығы айына 1,8 мың тонна дайын өнім шығаратын New Silver Central Asia Grain & Oil өсімдік майы өндірісі іске қосылды. Жобаға 61 млн теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын Алакөл ауданының Екпінді ауылында орналасқан. Инвесторлар өндіріс орнын таңдау кезінде ауыл шаруашылығы өндірісінің көрсеткіштерін зерделеп, осы және көршілес аудан фермерлерінің сапалы күнбағыс тұқымын жеткізуге дайын екеніне көз жеткізген.
Алакөл ауданында дәнді және майлы дақылдар 80 мың гектар алқапқа егілген. Алайда осы уақытқа дейін ауданда қайта өңдеу кәсіпорнының болмауы өнімді өткізуге қиындық туғызып келген. Жаңа өңдеу цехының іске қосылуы бұл мәселені ішінара шешуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында 10 жаңа жұмыс орны ашылды.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда майлы дақылдар тұқымының 5 млн тоннадан астамын жинау күтілуде. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде майлы дақылдардың өндірісі артып келеді. 2024 жылдан бері олардың егіс көлемі 2,2 млн гектарға ұлғайып, биыл 5,2 млн гектарға жетті.