Тоқаев Қазақстанның ауыл шаруашылығының негізгі басымдықтары туралы айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне сұхбат берді,онда ауыл шаруашылығындағы басты міндеттер мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сұрақтарға жауап берді.
«Біздің басты міндетіміз-егіс науқанын дер кезінде орындау. Көктемгі жұмыстар уақытында аяқталып, ешқандай жағдайға қарамастан дер кезінде жүргізілуі тиіс», — деп атап өтті ҚР Президенті.
Ел Президенті биылғы жылы егіске және форвардтық сатып алуға 200 млрд теңге бөлінгенін еске салды. Оның ішінде 70 млрд теңге тұқым өндірісін дамытуға және тыңайтқыш сатып алуға бөлінген.Сонымен қатар, шағын және орта шаруашылықтар дизель отынын төмендетілген бағамен алады.
«390 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен сатылуда. Осы жасалып жатқан шаралардың барлығы жақсы өнім алуға көмектеседі деп үміттенемін», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев қазіргі уақыттағы негізгі мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігі болып табылатынын атап өтті.
«Мен Үкіметке және әкімдерге бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын. Жалпы елімізде азық-түлік қоры жеткілікті. Болашақта бағаның өсуіне жол бермеу және халықты алаңдатпау керек», — деді ол.
Президенттің айтуынша, тағы бір маңызды мәселе ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу болып табылады.
«Егер барлық жағдайды бақылап отырмасақ, көші-қон мәселесіне тап боламыз, бұл күрделі әлеуметтік және саяси жағдай. Мұндай мәселелер болуы мүмкін, әсіресе бұл ірі қалаларда орын алады. Бұл мәселелерді Мемлекеттік органдар қадағалап отыруы тиіс» — деді Мемлекет басшысы.