Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің кепілі туралы заңға түзетулер әзірленуде
Ауыл шаруашылығы жерлерін кепілге салуға тыйым салу жер пайдаланушыларды банк несиелерін алу есебінен қаражат тарту мүмкіндігінен айырады. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов депутаттық сауалға жауап бере отырып мәлімдеді.
Ол Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы барысында шартты жер үлестерін (ШЖҮ) пайдалану, оның ішінде ШЖҮ есебінен қалыптастырылған жер учаскелерін кепілге беру мәселелері қарастырылғанын еске салды. 2021 жылғы 30 маусымда жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң қабылданды.
Осы заң жобасын Мәжілісте қарау барысында депутаттар Жер кодексінің 79-бабының 5-тармағына ШЖҮ есебінен қалыптастырылған жер учаскесін кепілге беру кезінде ШЖҮ меншік иелерінің нотариаттық жазбаша келісімін беру бөлігінде толықтырулар енгізу жөніндегі норманы алып тастады, өйткені бұл мәселе мұқият зерделеуді талап етеді.
"Жалпы ауыл шаруашылығы жерлерін кепілге салуға тыйым салу жер пайдаланушыларды банк несиелерін алу есебінен қаражат тарту мүмкіндігінен айырады. Сондай-ақ несиелік қаржы ұйымдарының жер учаскелерін немесе жер учаскелерін пайдалану құқығын кепілге алуы олардың несиелеудегі тәуекелдерін төмендетеді", - деп атап өтті премьер-министр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл мәселе консультативтік-кеңесші орган – Сараптамалық кеңес аясында пысықталуда. Қазіргі уақытта кеңестің екі отырысы өткізіліп, онда жер үлестерін пайдалану мәселелері қаралды.
"Сараптамалық кеңес жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жер заңнамасына тиісті түзетулер әзірленетін болады", - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, премьер-министр жерді алып қою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу мәселесіне түсініктеме берді.
"Қазіргі уақытта іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз, өйткені ауыл шаруашылығына қатысы жоқ заңды тұлғалардың жеке меншігіне, сондай-ақ банктердің меншігіне өткен шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелген (Жер Кодексінің 23-бабының 3-тармағы, 92-бабының 3 және 6-тармақтары, 94-бабының 1-тармағы). Жалпы, ШЖҮ пайдалану және жерді алып қою мәселелері үкіметтің тұрақты бақылауында", - деп түйіндеді Смайылов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін депутаттар банктерден кепілдікте тұрған және мақсаты бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алуды ұсынған болатын.