Қазақстанда ауа-райы жылы болады
Қазақстандағы ауа-райы көктемгі егіс жұмыстарына қолайлы болады. Алайда, алдағы мереке күндері кейбір өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұл туралы Қазгидромет хабарлады.
«7 мамыр күні антициклонға байланысты ауа райы құбылмалы және құрғақ болады», — деп хабарлайды синоптиктер.
Одан кейін республикадағы ауа райына батыс және оңтүстік өңірлерден келетін оңтүстік циклонның жылы лебі әсер ететін болады. Соның әсерінен аспанда тағы да бұлт үйіріліп, жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнайды.Сонымен қатар, бұршақ түсуі мүмкін.
Болжам бойынша, жақын күндері республиканың барлық аумағында температура жоғарылайды.
Сонымен қатар, ауа райы барлық жерде жылы болмайды. Алматы облысында 7 мамырда шығыс және оңтүстік-шығыстан жел соғады, жел екпіні секундына15-20 метрге дейін жетеді.
7 мамыр күні Түркістан облысында күн күркіреп, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Шымкентте 7 мамыр күні түннің бірінші жартысында күн күркіреп, жаңбыр жауады.
Қызылорда облысында 7 мамырда кей жерлерде шаңды дауыл болады, шығыс және солтүстік-шығыстан түнде жел соғады, күндіз өңірдің басым бөлігінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
7 мамырда күндіз Ақтөбе облысында шығыс, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метрге дейін жел соғады. Сондай-ақ, 7 мамыр күні Маңғыстау облысында жаңбыр себелеп, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Аймақта күн күркіреп, шаңды дауыл болады. Сондай-ақ, оңтүстік-шығыс және шығыстан жел секундына 15-20 метрге дейін тұрады деп күтілуде.