08 мая 2020 Қазақстан

Мамыр айының ортасына қарай Ақмола облысында ауыл шаруашылық алқаптарын цифрлау аяқталады

Қазіргі уақытта Ақмола облысында 10,3 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптары  цифрландырылды. Аталған сандық нысанға көшіру жұмыстарын мамыр айының ортасында аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда облыстың 13 өңірінде жайылымдық жерлердің 1 - ден 16% - ға дейінгі алқап, төрт өңірдегі -2-5%  егістіктер, кейбір аудандарда шабындықтар мен көпжылдық екпелері бар учаскелер әлі соңына дейін саналған жоқ.

Осы мәселеге байланысты  құқық беретін құжаттардың болмауынан егістік алқаптарды және көпжылдық екпелерді цифрлау бойынша көрсеткіштерде асыра орындау фактілері тіркелген. Атап айтқанда, егістіктің орнына жайылымдық жерлерді цифрлау жағдайлары, меншік иелерінің ауысуына байланысты екі рет рәсімделген фактілер бар.

Бұл мәселені облыс әкімдігінде талқылау барысында аймақ басшысы Ермек Миржыкпаев аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарына аталған кемшіліктерді түзету бойынша тиісті жұмыстарды істеп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді порталда цифрлауды аяқтауды тапсырды. Ағымдағы жылдың мамыр айының ортасына дейін Qoldau.kz порталына тіркеуді міндеттеді.

Сонымен қатар, кеңесте пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселесі талқыланды. Қолданыстағы тексеріс жүргізуге мораторий жағдайында жерді пайдалану мониторингі қашықтықтан зондтау жолымен жүргізіледі. Сонымен қатар жер қатынастары органдарына жер пайдаланушыларға түсіндіру жұмыстарын қайта өткізу тапсырылды. Нәтижесінде жыл басынан бері Атбасар, Бурабай, Целиноград аудандарында және Степногорск қаласында 35,2 мың га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері анықталды, оның 25,7 мың гектары қолданылатын болады.

Жалпы, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының мәліметі бойынша, облыста 745,3 мың га жер белгілі бір мақсатта пайдаланылмайды. Қолданылмаған  жерге салынатын салық мөлшері он есеге дейін артқандықтан, 2018 жылдан бастап облыс бюджетінен 156,5 млн теңге салық төленген.

Ермек Миржыкпаев белгілі бір уақыттан бері пайдаланылмай жатқан алқаптарды және тиімсіз пайдаланылатын жерлердің мониторингін аяқтауды тапсырды.

«Белгілі мақсат бойынша пайдаланылмайтын 745,3 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырамын немесе оны тиімді түрде қолдануды, жоспарға сәйкес пайдалануды тапсырамын. Барлық аудандар мен қалалардың әкімдері осыған байланысты қалыптасқан жағдайды анықтап, түзету жұмыстарын істеулері керек. Ал егіс науқаны аяқталғаннан кейін біз осы мәселені шешу үшін жиналып, атқарылған жұмыс нәтижелерін тексереміз», — деді ол.