Ақтау теңіз порты контейнерлік тасымалды екі есеге арттырады
Қазіргі жағдайда Ақтау портының міндеті ұлғайып келе жатқан жүк ағынына, соның ішінде транзитке қызмет көрсету үшін жағдай жасау болып табылады. Биыл контейнерлік тасымалдардың өткен жылғы деңгейге қарағанда екі есе өсуі - 50 мың ЖФЭ дейін, ал ТХКБ маршруты бойынша тасымалдар көлемі алты есе - 3,2 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Бұл туралы "АТТП" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев мәлімдеді.
Аталып өткендей, жүк ағынының өсу қарқынын ескере отырып, "Қазақтеңізкөлікфлоты" ҰТКҚК" ЖШС және ASCO (Әзірбайжан) теңіз операторлары Ақтау және Баку (Алят) порттары арасында қатынау үшін бір ай ішінде екі қосымша кемені тарту жоспарланған. Осылайша, жақын арада бағыт 5 фидерлік кемеге қызмет көрсететін болады.
"Сонымен қатар, Ақтау портында кемелердің келуі мен кетуіне бір уақытта жұмыс істейтін комиссиялардың саны екіден үшке дейін ұлғайтылды және жүк тиелген кеменің жабық шекарасы режимінде порт рейдінде бункерлеу операцияларын жүргізуге рұқсат алу мәселесі қарастырылуда. Қабылданған шаралар кемелерді өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді және порттың өндірістік тиімділігіне оң әсер етеді", - деп хабарлады портта.
Индустрия және ақпараттық даму министрлігінде хабарлағандай, "Ақтау теңіз порты" АЭА базасында контейнерлік хаб құрылады. Инвестор ретінде PSA Group, Maersk, MSC сияқты әлемдік контейнерлік операторларды тарту көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта АЭА аумағында 18 жоба іске асырылды, 25 жоба іске асырылу сатысында.