Қазақстан фермерлері үшін салықтар жеңілдетілді
Аталған салықтық жеңілдіктер ағымдағы жылы экономиканы, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласын қолдау үшін енгізілді. Бұл туралы бүгін ОКҚ өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев хабарлады.
М.Такиевтің айтуынша, салықтағы жеңілдіктер мемлекет басшысының экономиканы тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес қабылданды.
Атап айтқанда, жыл соңына дейін ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды өсіретін АӨК –тердің биологиялық актив импортына қосымша құн салығы салынбайды.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне жер салығын төлемейді.
Осыған байланысты мүлік салығынан жалпы салық салу тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер босатылды.
Бұдан басқа, 2020 жылдың 1 сәуірінен 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС ставкасы 12% - дан 8% - ға дейін төмендетілді.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын нивелирлеу үшін ҚҚС ставкасы төмендетілді. 1 қазаннан кейін салық органдары айырмашылықты есептемейді, ол салық төлеушілерде қалады», — деп атап өтті Мәди Такиев.
Ол сондай-ақ ШОБ субъектілері үшін 1 маусымға дейін барлық салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді, әлеуметтік жарналарды төлеу мерзімін ұзарту енгізілгенін атап өтті. ТЖ әрекет ету кезеңінде барлық салықтық тексерулер тоқтатылды.
«2019 жылдың міндеттемелері бойынша барлық салық төлеушілер үшін салық есептілігі нысандарын тапсыру мерзімі 2020 жылдың 31 наурызынан 2020 жылдың 31 мамырына ауыстырылды», — деп қортындылады вице-министр.