10 октября 2026 Майлы дақылдар

Қазақстанның фермерлері Ресейден күнбағыс импорттауға тыйым салуды ұсынып отыр

Биылғы маусымда дәнді дақылдардан мол табыс түсуі екіталай. Қазақстандық фермерлердің өнімі аз, ал баға төмен. Ал қазір жинау науқаны жүріп жатқан күнбағысқа қатысты үміт басым. Дегенмен Ресейден арзан шикізаттың Қазақстан нарығына ағылуы бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Бұған жол бермеу үшін сарапшылар үкіметке екі түрлі шара ұсынады.

– Күнбағысқа қатысты жағдай алаңдатарлық. Ресейде бұл дақылдың рекордтық өнімі жиналады деген болжам бар. Шамамен 21 млн тонна. Оны экспорттау кезінде астықтағыдай қиындықтар туындауы мүмкін екені түсінікті. Сондықтан күнбағыстың үлкен көлемі Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне ағылу қаупі бар. Мұндай жағдайда отандық нарыққа қысым күшейіп, бағаға әсер етеді. Мұны қазірдің өзінде байқап отырмыз. Бүгінде күнбағыстың бір тоннасына 200 мың теңгеден жоғары баға ұсынатындар іс жүзінде жоқ. Иә, Қытаймен шекара маңында тоннасына 230–240 мың теңге ұсынады. Алайда ол жақ алыс, өнімді жеткізуге көп шығын жұмсалады. Ал отандық май зауыттары қазір бір тонна күнбағысты 180–190 мың теңгеден сатып алуды ұсынып отыр, – деді Aitas Agro бас директоры Талғат Алдажаров ElDala.kz порталына берген сұхбатында.

Фермерлер қалыптасқан жағдайда үкіметтің күнбағыс экспортына салынатын қолданыстағы баж салығын алып тастағаны немесе ең төменгі деңгейге дейін төмендеткені дұрыс деп есептейді. Қазір оның мөлшері бір тоннаға 100 еуроны құрайды.

Нарықты қолдаудың тағы бір ықтимал тетігі – Ресейден Қазақстанға күнбағыс әкелуге уақытша тыйым салу.

Алдын ала бағалаулар бойынша, Қазақстанда күнбағыстың рекордтық өнімі жиналуы мүмкін. Шамамен 2,5 млн тонна.