Қостанай фермерлері күнбағыс экспортына салынатын баж салығын уақытша тоқтатуды сұрайды
Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығы Қазақстан мен Ресейде күнбағыстан рекордтық өнім жиналуына байланысты, оның бағасына қысым күшейгенін ескеріп, үкіметтен күнбағыс экспортына салынатын кедендік баж алуды уақытша тоқтатуды сұрайды. Қазір баж мөлшері кедендік құнның 20%-ын құрайды, бірақ тоннасына кемінде 100 еуродан кем емес. Фермерлердің айтуынша, бұл талап олардың сыртқы нарықтарға еркін шығуына мүмкіндік бермей отыр.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығы Ауыл шаруашылығы министрлігіне майлы дақылдар нарығын реттеу тетіктерін қайта қарау туралы өтініш жолдады. Қостанай облысының фермерлері ұсынды:
- май өңдеу зауыттарына субсидиялардың, жеңілдіктер мен көлік преференцияларының толық пакетін тек 100% қазақстандық шикізатты пайдаланған жағдайда ғана беру;
- қайта өңдеу кәсіпорындары шикізатпен жеткілікті қамтамасыз етілген кезеңде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін экспорттық кедендік баж алуды тоқтата тұру.
Қауымдастық мұндай шаралар сатып алушылар арасындағы бәсекелестікті арттырып, сұраныс пен ұсыныс теңгерімі негізінде нарықтық бағаның қалыптасуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өтініште Ресейде күнбағыстан рекордтық өнім жиналуы ресейлік май жеткізілімдерінің артуы есебінен Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің нарығына қысымды күшейтетіні де айтылған.
«Мемлекет қабылдаған шикізат импортына қатысты уақытша шектеулер, сөзсіз, қажетті әрі уақтылы жасалған қадам болды. Алайда сала үшін басты басымдық – толыққанды нарықтық қатынастар қалыптастыру. Қазіргі уақытта нарық жағдайында қайта өңдеу секторы анағұрлым тиімді жағдайда жұмыс істеп отыр. Оған жеңілдетілген несие беру, көлік субсидиялары, теміржол тарифтерінің төмендетілуі, сондай-ақ қайта өңдеу мен жемшөп өндірісіне тікелей субсидиялар кіреді», – деп түсіндірді Қауымдастық өкілдері өз ұстанымдарын.
Қауымдастық ұсынылған бастамаларды жүзеге асыру қазақстандық аграршылардың мүддесін қорғауға және республиканың бүкіл агроөнеркәсіптік кешені үшін тұрақты нарықтық жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
Бұған дейін де ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жыл сайын өнімі артып келе жатқан күнбағысқа салынатын экспорттық бажды уақытша тоқтату немесе барынша төмендету туралы ұсыныстар айтқан болатын.