11 марта 2021 Майлы дақылдар

Азық-түлік корпорациясы күнбағыс, қарақұмық және соя сатып ала бастады

Ағымдағы жылы Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылық дақылдарының сатып алынатын 4 түрін 9-ға дейін арттырды, олар: жұмсақ және қатты бидай, арпа, күнбағыс, рапс, зығыр, қарақұмық, сұлы, соя. Барлығы 800 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 310 мың тоннаға артық. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қорын жинастыру үшін Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 5 ақпаннан бастап форвардтық сатып алу шараларын бастады. Аталған мақсаттар үшін Азық-түлік келісім шарт корпорациясы қаржы нарығына шамамен 44 млрд теңге көлемінде қаражат салады, бұл 2020 жылғы қаржыландыру көлемімен салыстырғанда 2 есеге артық. 2021 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша 36,5 млрд.теңгеге 197 өтініш келіп түсті. Алайда өтінімдер негізінен жұмсақ бидай мен арпа сияқты дақылдарға келіп түседі », - деді министр.

Сонымен қатар, ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі күнбағыс, қарақұмық, соя бұршақтарын сатып алу туралы келісімшарттар жасау қажет деп санайды. Осыған байланысты басқарма басшысы облыс әкімдіктерін фермерлер мен Азық-түлік корпорациясы арасында осы дақылдарды жеткізу бойынша форвардтық келісімдердің жасалуын қамтамасыз етуге шақырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта Азық-түлік келісім шарт корпорациясының қорында 847 мың тонна астық және майлы дақылдар жиналып, сақтаулы тұр. Оның ішінде бағаны тұрақтандыру үшін 446 мың тоннаны ішкі нарыққа сату жоспарланған.

«Диірмен тартатын орындарға, құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарына 3 және 4 сыныптағы 425 мың тонна бидай сатылады, сондай-ақ 15 мың тонна арпа беріледі. Күнбағыс пен қарақұмық жармасының қолданыстағы қорларын ішкі нарыққа дайын өнім ретінде сату үшін қайта өңдеуге бағыттау жоспарланып отыр», - деді министр.

Тақырыпқа байланысты оқуАзық-түлік корпорациясы астық сата бастады

Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылық дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Облыстық әкімдіктердің алдын ала жасаған мәліметтері бойынша, 2021 жылы барлық ауыл шаруашылық дақылдарының егіс алқабы 22,7 млн ​​га құрайды, бұл 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 78 мың га артық. Осыған байланысты дәнді және бұршақ дақылдарының алқабы 151 мың гектарға, оның ішінде бидай 135 мың гектарға қысқарады. Бұл ретте қарақұмық алқабы 30 мың гектарға, майлы дақылдар 89 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 139 мың гектарға үлкейтіледі.