Азық-түлік пен тыңайтқыштардың жаһандық жеткізілімін саясатсыздандыру қажет - Тоқаев
Азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық күн тәртібінде ерекше маңызға ие. Азық-түлік пен тыңайтқыштардың жаһандық жеткізілімін саясатсыздандыру қажет. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "БРИКС Плюс" форматындағы мемлекет басшыларының диалог отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі төрт азық-түлік өндірушілердің үшеуі БРИКС мүшелері болып табылады, ал БРИКС елдерінің жиынтық ауылшаруашылық ЖІӨ бүкіл әлемнің жартысынан көбін құрайды. Біздің елдерімізде азық-түлік теңгерімсіздігін төмендету бойынша барабар шаралар қабылдау қажет. Біз азық-түлік пен тыңайтқыштардың жаһандық жеткізілімін саясатсыздандырып, оларды кез келген санкциялар мен шектеулердің әсерінен алып тастауымыз керек", - деді Тоқаев.
Ол серіктестерді "Солтүстік – Оңтүстік" және "Шығыс – Батыс" дәліздері арқылы экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қосылуға шақырды.
"Белдеу және жол" маңызды бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда ынтымақтастығының құнды перспективаларын ашады. Мұндай өзара іс-қимыл өңіраралық сауданы дамытуға және біздің өңірлеріміздің барлық транзиттік және көліктік әлеуетін ашуға ықпал ететін болады", - деді ҚР президенті.