ЕАЭО елдері үшін ет импортына квоталар белгіленді
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) алқасы 2025 жылға арналған ЕАЭО-ға ет пен сүт сарысуының жекелеген түрлерін әкелуге тарифтік квоталар белгіледі. Бұл туралы ЕЭК баспасөз қызметі хабарлады.
Ірі қара малдың еті бойынша квоталар Қазақстан үшін – 21 мың тоннаны, Армения үшін - 9,5 мың тоннаны, Қырғызстан үшін – 5 мың тоннаны және Ресей үшін – 570 мың тоннаны құрайды. Шошқа еті үшін квоталар мынадай көлемде бөлінеді: Армения үшін 9,4 мың тонна, Беларусь үшін 20 мың тонна және Қырғызстан үшін 2 мың тонна.
Құс еті мен қосалқы өнімдері бойынша квоталар: Қазақстан үшін – 140 мың тонна, Армения үшін - 35,1 мың тонна, Беларусь үшін – 10,9 мың тонна, Қырғызстан үшін – 58 мың тонна және Ресей үшін – 364 мың тоннаны құрайды.
Сүт сарысуын әкелуге квота Армения үшін 0,7 мың тонна және Ресей үшін 15 мың тонна көлемінде белгіленген.
ЕЭК түсіндіргендей, Қазақстан мен Ресей үшін 2025 жылға арналған тарифтік квоталар мемлекеттердің ДСҰ-ға қосылуы туралы хаттамаларда белгіленген мөлшерде белгіленген. Армения, Беларусь және Қырғызстан үшін тарифтік квоталар тараптардың сұраныстарын ескере отырып, тұтыну мен өндіріс арасындағы айырмашылықтан аспайтын көлемде айқындалған.
«Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа сәйкес ЕЭК мүше мемлекеттердегі тұтыну мен өндіріс теңгерімдерін, сондай-ақ елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымы алдындағы міндеттемелерін ескере отырып, үшінші елдерден шығарылатын және ЕАЭО кедендік аумағына әкелінетін ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген санаттарына қатысты тарифтік квоталарды белгілейді», – деп атап өтті ЕЭК Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.