Қазақстан Украинамен ауыл шаруашылық өнімдерінің саудасын арттыруға дайын
Қазақстан мен Украина елдері онлайн режимінде үкіметтік және квазимемлекеттік органдардың 100-ден астам өкілдерінің қатысуымен іскери кеңестің бірінші отырысын өткізді. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Аян Ереновтың мәлімдеуінше, аталған елдер арасында өнімдерді қайта өңдеу, тамақ және химия өнеркәсібі тауарлары саудасының артуы байқалады.
«Біз екі ел арасындағы жақсы байланысты одан әрі дамытуды және сауда көлемін арттыруды маңызды деп санаймын. Осыған байланысты біз қазақстандық азық-түлік өнімдерін (макарон өнімдері, ет, көкөністер, балық), құрылыс заттарын тасымалдауды, және басқа да өнімдермен қамтамасыз етудің болашақта маңызы зор деп ойлаймыз», - деді ол.
Сонымен қатар ҚР –дың Украинадағы Елшілігінің өкілі-кеңесшісі Тоқтар Игембаев бизнес өкілдерінің инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын атап өтті. Қазақстан аумағында мыңға жуық қазақстан-украиндық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді.
«Біз де машина жасау, мал шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласындағы инвестициялық байланысты одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Біз одан әрі үлкен нарыққа шығуға көмектесуге дайынбыз», - деді ол.
Тақырыпқа байланысты оқу: Украинадағы Қазақстан елшісі агробизнес өкілдерімен кездесті
Өткен жылдың есебі бойынша Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы $767 млн құрады, ал Қазақстаннан экспорт $426 млн, импорт $341 млн құрады.
Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Калетаев Аграрлық саясат және азық-түлік министрі Роман Лещенкомен кездесті. Аталған кездесу барысында екі тарап Қазақстанда ет және сүт бағытындағы ірі қара мал өсіру, майлы дақылдарды қайта өңдеу, ауыл шаруашылық машиналары және басқа да саладағы бірқатар бірлескен жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Қазақстандық инвесторлар өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруге, оларды сақтауға және өңдеуге инвестиция салуда - бірнеше элеваторлар мен ұн тартатын зауыттар салды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, бірнеше ірі жобалар дайындалуда, оларды жүзеге асыру жақсы мүмкіндік болады. Кездесу барысында екі елдің министрлеріне іскери сапар ұйымдастырылып, осы бағытта қосымша күш салуға келісті.