12 июня 2020 Көкөністер мен жемістер

Алматы облысында отырғызылған алма бақтардың аумағы 2 мың гектардан асты

Алматы облысында алма отырғызылған бақтардың алқабын кеңейту жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Алма өсіру көлемін ұлғайту үшін, ескі  бақтардың орнына жыл сайын көп жеміс беретін қарқынды бақтар салынады. Олардың басты ерекшелігі – ағаштардың бойы төмен және отырғызған соң, екінші жылдан бастап 30% жеміс береді, ал үшінші жылы - 80-85%  өнім жинауға болады. Сонымен қатар аласа ағаштардан алма жинау көп күшті қажет етпейді,қиындық тудырмайды», - деді әкімдік.

Қазіргі уақытта облыста  2222 га осындай сұрыпты қарқынды алма бақтар отырғызылғаны тіркелген, ал 2022 жылы олардың көлемін 2600 га дейін арттыру жоспарлануда. Биыл осы бақтардан 18,9 мың тонна, 2022 жылы 31 мың тоннадан астам өнім алу жоспарланған.

Қарқынды алма бақтарында «Фуджи», «Голден Делишес», «Гала», «Гренни Смит», «Старкримсон», «Айдаред», «Золотой превосходный» және басқа да алма түрлері  өсіріледі. Сонымен қатар, заманауи алма  өсіру технологиясы пайдаланылады. Италия, Германия, Сербия, Польша, Голландия, Түркия мамандарымен бірлескен жұмыс және тәжірибе алмасу жұмыстары  жүзеге асырылатын болады.

 Жалпы, 2019 жылы облыста 86,8 мың тонна алма жиналды, ал биыл бағбандар 91,8 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.Бүгінгі таңда аймақтың сұранысы 100% -ға, Алматы - 72,4% -ға және жалпы республика бойынша - 19,6% -ға қамтамасыз етілген.   

Алынған өнім Алматы облысы мен Алматы қаласының сауда орындарында сатылады, ал 7 мың тоннаға жуық алма шырындарды өңдеуге және өндіруге жұмсалады.

2022 жылға қарай Алматы облысында алма өнімділігін 170 мың тоннаға, яғни 1,4 есеге арттыру жоспарлануда.

Әйгілі «Апорт» алмаларына келетін болсақ, 2012-2018 жылдары 728,8 гектар жерге осы сортты өсірген 214 шаруашылық субъектісі жергілікті бюджеттен 670,4 миллион теңге субсидия алды. Қабылданған шаралардың арқасында апорт алма ағаштары отырғызылған бақтардың алаңы 2000 гектарға жетті. Көшеттер саны - 416 мың дана.