Ауыл шаруашылығы министрлігі Өзбекстаннан қара өрік әкелуге тыйым салды
Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі АӨК мемлекеттік инспекция комитеті 6 тамыздан бастап Өзбекстан аумағынан қара өрік әкелуге уақытша тыйым салды. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Мұндай шешім Өзбекстаннан келген қара өрік жемістерінде карантиндік жағдайлардың жиі анықталғандығына байланысты. 2020 жылдың 24 шілдесі мен 1 тамызы аралығында өсімдік карантині саласындағы заңнаманы бұзудың 18 жағдайы анықталды, оның ішінде 3 жағдайда жемістерден Шығыс көбелегі (Grapholitha tolesta Busck), бір жағдайда Комсток құрттары (Pseudoccus comstocki (Kuwana) табылды», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, аталған шектеу шаралары Қазақстан аумағында фитосанитарлық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Шығыс көбелегі - қауіпті зиянкестер қатарына жатады. Аталған жәндік шабдалы, өрік, алма, нектарин, қара өрік, алмұрт, шие, лавр, айва және бадам жемістері мен сабақтарын 90%-ға дейін зиян келтіруі мүмкін. Комсток құрттары зақымдаған соң, жемістер кебеді, жапырақтары сарғаяды, өнімнің сүйегі мен тұқымына әсер етеді. Сондай-ақ қызылшаның, картоптың, сәбіздің, жүзімнің сарғаюы мен шіруіне әкеледі. Қатты жұқтырудан кейін,жемістің дәмдік сапасы нашарлай түседі. Жұқтырған ағаштардың жанында өсетін көкөніс дақылдарына да құрттары тарай бастайды. Қызылша шығыны 35%, картоп – 42%-ға дейін болады.
Бұған дейін хабарлағандай, Қазақстанда азық-түлік бағасының жылдық көрсеткіші 11,3% - ға артқан болатын. Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, бағаның өсуі кейбір өнімдерге деген сұраныстың артуынан туындады. Бұл негізінен карантин жағдайында өнімдерді жеткізу тізбегінің бұзылуына, сондай-ақ импорттық тауарларға деген құнның өсуіне байланысты болды.