08:05 Көкөністер мен жемістер

Алматы облысында көкөністер мен жемістерді өңдеу зауыты іске қосылды

Qazaq Global Food JV жеміс-көкөніс өңдеу зауыты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылында жұмысын бастады. Бұл кәсіпорынның Қазақстанда баламасы жоқ, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаны «Alpecon Group» ЖШС осы саладағы жетекші түрік компанияларының бірі Göknur Gıda-мен серіктестікте жүзеге асыруда. Өндіріске 9,5 млрд теңге инвестицияланды. Бірінші кезеңде қайта өңдеу қуаты жылына 70 мың тонна шикізатты құрайды, 13 мың тонна жеміс-көкөніс шырындары, пюре және паста концентраттары өндіріледі. Дайын өнім Түркияға экспортталады.

Бірінші зауыттың іске қосылуымен бір мезгілде алма қалдықтарынан пектин өндірісі жүргізілетін екінші кәсіпорынның іргетасы қаланды. Жоспарларға сәйкес, кәсіпорын жыл сайын 1 мың тонна пектин және 3 мың тонна алма талшығын өндіретін болады. Бұл өнімдерді жеткізу Оңтүстік Корея мен Жапонияға жоспарланған.

Сондай-ақ, әкімдік өндірістік кешеннің ауданы 30 га аумақта орналасқанын атап өтті. Зауытта 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды, болашақта олардың саны артады.

«Біздің басты мақсатымыз – 2028 жылға қарай шикізат өндірісін, цифрлық технологияларды, мамандар даярлауды, ғылыми зерттеулер мен экспортты біріктіретін Қазақстандағы алғашқы толық циклді агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастыру. Осы экожүйе шеңберінде Жетісу өңірінен Түркістан облысына дейін өнім қабылдау пункттері құрылатын болады. Жобаға 10 мыңға жуық фермер мен 500 мыңға жуық аграрлық сектор қызметкерлерін тарту жоспарлануда. Бірлескен күш-жігермен ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынымызға сенімдімін», - деді Alpecon Group компаниясының бас директоры Самат Балабеков зауыттың іске қосылу салтанатында.