Қазақстанда жаңа апорт бақтарының ауданы 10-нан 110 гектарға дейін ұлғайтылады
Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Президенті Іс басқармасымен бірлесіп әйгілі қазақстандық апорт бақтарын жаңғыртудың Жол картасын іске асыруда. 2027 жылға дейін жаңа екпелердің ауданы қазіргі 10 гектардан 110 гектарға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеулері апортты жаппай жандандыруға негіз болды. 2006 жылдан 2011 жылға дейін Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ҒЗИ мамандары Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ-мен бірлесіп Сиверс және Апорт алма ағаштарын зерттеу бойынша экспедициялық жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде Жоңғар-Алатау және Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағындағы жабайы алма популяцияларынан 30 түрлі үлгі жиналды. Таңдалған Апорт клондары in vitro жағдайында вирустық аурулардан сауықтырылды. Молекулалық талдау негізінде зерттеушілер көшеттер алынған ДНҚ профильдері сәйкес келетін 11 сорт-тамыр комбинациясын анықтады.
Алынған көшеттерден 2015 жылы Помологиялық бақта 5 га алаңда тәжірибелік бақ отырғызылды, ол 2022 жылы өзінің алғашқы өнімін берді. Аталған кезеңдегі маңызды жетістіктердің бірі – ДНҚ талдауы арқылы Сиверс алмасының бактериялық күйік пен қотыр ауруына табиғи төзімділік гендері бар ерекше формаларын анықтау болды.
2025 жылы институттың Талғар өңірлік филиалында ауданы 10 га бақ отырғызылды. Қазіргі уақытта мамандар жоспарланған 100 га алқапқа алма ағаштарын отырғызу үшін сапалы көшет материалын дайындап жатыр.