08:10 Көкөністер мен жемістер

Қазақстанда картоптың жаңа сорты шығарылды

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты ғалымдары жоғары өнімділікпен және бірқатар ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін «Айтхожин» картоптың жаңа сортын бірге өсірді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Айтхожин» сорты ерте пісетін, жоғары өнімді сорттар тобына жатады. Оның өнімділігі 35,0 тонна/гектарға дейін жетеді. Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді, көзшелері аз әрі ұсақ. Түсі сары және кескен кезде қараймайды.

Сорт картоптың мозаикалық X вирусына (PVX) төзімді. Сонымен қатар ол альтернариоз бен фузариоздық солу ауруларына салыстырмалы түрде төзімді. Бұл қасиеттер сорттың өндірістік әлеуетін арттырып, оны Қазақстан жағдайында өсіруге мүмкіндік береді.

Картоптың жаңа сортын өсіру кезінде дәстүрлі селекция әдістері заманауи биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық тәсілдермен біріктірілді.

«Көпжылдық зерттеулер барысында картоптың келешекті селекциялық материалдарына кешенді бағалау жүргізілді. Олардың өнімділігі, пісетін уақыты, түйнектердің морфологиялық және тауарлық сипаттамалары, ауруларға төзімділігі және басқа да экономикалық құнды белгілері зерттелді. Нәтижесінде жаңа сорт ретінде ұсынылған құнды сипаттамалар кешені бар келешекті генотип таңдалды», - деп Ғылым министрлігінде түсіндірді.

Бұдан әрі ғалымдар «Айтхожин» картоп сортын мемлекеттік сортқа сынауға ұсынуы және оны селекциялық жетістік ретінде құқықтық қорғау үшін қажетті рәсімдерді жүргізуі тиіс. Келесі стратегиялық мақсат – өндіріске жаңа отандық сортты енгізу және отандық тұқым шаруашылықтарын жоғары сапалы бастапқы тұқым материалымен қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, Ғылым министрлігі «Айтхожин» атауының ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Ол Қазақстанда молекулалық биологияның қалыптасуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, академик Мұрат Айтқожиннің ғылыми мұрасына құрмет белгісі ретінде таңдалды.