Тараз қант зауыты қант қызылшасын өңдеуді қайта бастайды
Тараз қант зауыты 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдемеген, ұзақ уақыт бойы кәсіпорын негізінен қамыс шикізатымен жұмыс істеп келген. 2025 жылы зауытта отандық қант қызылшасын өңдеуді қалпына келтіруге және өндірістік қуаттарды арттыруға бағытталған кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Жұмыстарды биыл қазан айында аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорынды жаңғыртуға 12,4 млрд теңге инвестиция салынды. Қайта жаңғыртудан кейін зауыт тәулігіне 3 мың тоннаға дейін, ал жылына 300 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Кейін өндірістік қуатты кезең-кезеңімен жылына 700 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.
Биыл кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін 84 ауыл шаруашылығы құрылымымен келісімшарт жасалды.
«Бүгінде алдымызда қант қызылшасын өңдеу қуаттарын қалпына келтіру ғана емес, оларды отандық шикізатпен тұрақты жүктемемен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін қызылша өндірісін қатар дамыту, оның өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар арасындағы өзара байланысты нығайту маңызды. Бұл ел ішінде қант өндірісінің көлемін ұлғайтуға және бүкіл саланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Тараз қант зауытына барған кезде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Жаңғырту жұмыстарымен қатар кәсіпорынды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, қант қызылшасының қалдықтарын орналастыру үшін жер учаскесі бөлініп, санитариялық-қорғау аймағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңдеуші кәсіпорындарды жаңғырту қант қызылшасына арналған егіс алқаптарын кеңейтумен қатар жүріп жатыр. 2026 жылы Қазақстанда қант қызылшасы егілетін алқап көлемі 4,6 мың гектарға ұлғайып, 23,8 мың гектарға жетті. Оның ішінде Жамбыл облысында бұл дақылдың егіс көлемі 3,3 мың гектарға артып, 9,9 мың гектарды құрады.