Қазақстанда Göknur Gıda компаниясымен бірлесе жеміс өндіру саласына $204 млн салынады
Қазақстанда Göknur Gıda түрік компаниясымен бірлесіп, бақтар мен жеміс-жидек өңдеуді жүзеге асыратын ірі жоба жоспарлануда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОмаровТүркияға жұмыс сапары барысында Нигде қаласында орналасқан Göknur Gıda өндірісін аралап, компания басшысымен аталған жобаны Қазақстанда іске асыруды талқылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сапархан Омаров жеміс шырындары, пюре, концентрат және биогаз өндірісінің технологиялық желісімен танысты. Осындай технологиялық өндірістік желіні Қазақстанда да іске қосу жоспарланып отыр. Жоба Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігімен және Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстанда түрік компаниясы бау-бақша өсіріп, жеміс өндіретін болады
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, аталған жоба Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жүзеге асырылатын болады. Жобаның құны $204 млн. құрайды, бұл жұмыс аясында жаңадан 500 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Göknur Gıda 1993 жылы құрылған, Түркияның 500 ірі компанияларының қатарына кіреді, 2500 га жеке жеміс бақшасы, 5 өндірісі бар. АҚШ, Еуропа, Қытай және басқа да елдерде жеміс сақтау қоймалары орналасқан. Компанияның ақша айналымы $130 млн құрайды.