Жамбыл облысында лимон өсіріле бастады
Меркі ауданында орналасқан 42 жылыжайда қияр, қызанақ және құлпынай өсіріледі. Енді Ақтоған ауылының тұрғыны Данияр Әбдіразақ қиярдың арасына 25лимон көшетін отырғызды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жас кәсіпкер 2018 жылы жылыжай салып, жұмысын қияр өсіруден бастаған еді. «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы лимон өсіру туралы семинар өткізгеннен кейін, Данияр отырғызып көруге бел буды. Ол қиярдың арасына 25 лимон көшетін отырғызды, оларды өсіру әдістерін игере бастады. Алғашқы өнімді де алып үлгерді, болашақта ол бүкіл облысты лимонмен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Даниярға алғаш рет лимонды жылыжайда өсіру туралы ой Оңтүстік Кореяда өткізілген тәжірибеден кейін келді. Содан соң бұл жұмыс қиын емес екенін білді.
«Мен жұмсалатын шығын мен түсетін пайданың айырмашылығын есептеп көрдім, оның қаншалықты тиімді екенін түсіндім. Біздің климатымыз Кореяға ұқсас. Айырмашылығы тек ол жерде топырақтың ылғалдылығы жоғары. Бірақ біздің топырақ құнарлы. Мен мал ұстаймын, сондықтан маған тыңайтқыш қажет емес. Тезек пен гумус өсімдіктерді тыңайтуға қолайлы. Қазіргі кезде мен 25 лимон көшетін отырғыздым, олар Ташкенттен әкелінген. Әрқайсысының құны 4500 теңгені құрайды», - деді Данияр Әбдіразақ.
Тақырыпқа байланысты оқу: Лимон және анар ағаштары Түркістан облысында өсірілуде
Аталған жобаны жүзеге асыру үшін ол қайтарымсыз 2,5 миллион теңге грант ұтып алды. Ағаштар бірнеше жылдан кейін түгелдей жеміс бере бастайды, әр ағаштан 50-60 кг өнім алу жоспарда бар.Әзірше фермер көшеттерді күтіп-баптап, оларды өсіруде.
Әзірге ол жылыжайды күтіп-ұстауға арналған шығындардың көп бөлігін қияр өсіру арқылы жабуда.
«2019 жылдың соңында мен қиярдан өнім жинауда рекорд жасадым. Бір маусымда үш тонна жинадым. Үйдің қасына үлкен құлпынайдың «Альбион» сұрпын отырғыздым. Бұл агробизнесті кеңейтуге көмектеседі», - дейді жас кәсіпкер.
Әкімнің айтуынша, облыста тағы төрт фермер мемлекеттік қолдауды пайдаланып, әрқайсысы 100 дана лимон көшеттерін отырғызған. Жақында лимон жеміс бере бастайды. Қазір лимонның килограмы 1000 теңгені құрайды, карантин кезеңінде оның бағасы 2000 теңгеге дейін өсті.