Нидерландиялық жылыжай компаниялары Қазақстанда өздерінің технологияларын ұсынады
Нидерландиялық компаниялар Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда озық агроөнеркәсіптік технологияларды қолдануға ынта білдіріп отыр. Маусым айында бірқатар компаниялар іскерлік байланыс орнату үшін Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы хабарлады.
Агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықтың болашағы туралы KAZAKH INVEST басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов пен Нидерланды корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс талқылады. Елші атап өткендей, жер ресурстарының шектеулілігін, сондай-ақ электр энергиясының жоғары бағаларын ескере отырып, жоғары технологиялық өндірістік жылыжайлар Нидерландыда аграрлық секторды дамытудың катализаторларының бірі болып табылады.
«Нидерланды жер көлемі бойынша әлемде 131 орында, ал экспортталатын азық-түлік тауарлары бойынша 2-орында (94,5 млрд еуро). Нидерланд бизнесі қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен секторының қарқынды дамуын ерекше қызығушылықпен бақылайды және осы саланың технологиялық тиімділігін арттыруға қатысуға ниетті», - деді Андре Карстенс.
Тақырыпқа байланысты оқу: ҚР-да АӨК саласына 5 жыл көлемінде 4 трлн теңге салуды инвестиция салуды жоспарлап отыр
Мейіржан Юсупов COVID-19 пандемиясы жағдайында және шетелдік инвестициялардың әлемдегі ахуалының төмендеуіне байланысты Қазақстан үкіметі елдің экономикалық өсімін сақтау үшін белсенді шаралар қолданып жатқанын айтты.
«Ағымдағы жылдың маусым айында бірқатар голландиялық жылыжай компанияларына іс-сапармен бару жоспарлануда. Сол кезде технологияларды презентациялау, болашақ жылыжайлардың жобаларын талқылау, Қазақстан Республикасында жылыжай өндірісін шоғырландыру жұмыстары күтілуде. Өз кезегінде, KAZAKH INVEST инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары мен шарттарын талқылау кезінде ҚР Үкіметінің атынан бірыңғай келіссөз жүргізуші ретінде екі ел арасындағы іскерлік белсенділікті арттыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - деп айтты ол.
Сонымен қатар, KAZAKH INVEST Нидерланды корольдігі Қазақстан тарихындағы ең ірі инвестор екенін жеткізді. Тәуелсіздік кезеңінде Нидерландыдан келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі шамамен $97 млрд құрады (жалпы ТШИ-дің 30% -ы). 2019 жылдың соңында Нидерландыдан келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі $ 7,3 млрд құрады, бүгінде Қазақстанда голландиялық капиталды салатын 730 заңды тұлға тіркелген.