ҚазҰАУ-да корей технологиясы бойынша «ақылды» жылыжай салынуда
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оқу-тәжірибе шаруашылығында Корея Республикасының жоғары технологиялық жылыжайының құрылысы жедел қарқынмен жүргізілуде. Аталған кешенді оқу жылының басында Алматы облысы Талғар ауданы Байбұлақ ауылында іске қосу жоспарланған. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында университет ректоры Тілектес Есполов хабарлады.
«Ақылды» жылыжайдың алғашқы тасы ағымдағы жылдың 22 мамырында салынды, бұл нысанды пайдалануға беру 1 қыркүйекке жоспарланған. Қазақстандық және кореялық тараптардың бірлескен күш-жігерінің арқасында құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес орындалуда, жылыжайдың басым бөлігі салынды», - деді Тілектес Есполов.
Тақырыпқа байланысты оқу: ҚазҰАЗУ-дың шаруашылық базасында Valley демонстрациялық алаңы ашылады
Аталған жылыжайдың жалпы ауданы 1 га, ал оның өндірістік қуаттылығы жылына 400-450 тонна көкөніс пен жидек өсіретін болады. Мұнда қызанақ, қияр, құлпынай өсіріледі.
$1,5 млн инвестиция салынатын жылыжай Корея Республикасының ауыл шаруашылығы технологияларын коммерцияландыру және енгізу қорынан қаржыландырылады. Өз кезегінде ҚазҰИУ жобаға толықтай қолдау көрсетіп, инфрақұрылым салуды қамтамасыз етті.
Көкөніс пен жидек өсіруден басқа, жылыжайда студенттерді, магистранттарды және докторанттарды инновациялық жылыжай технологияларынла оқыту ісі, тәжірибе жасау жұмыстары жүргізіледі; Қазақстанның жылыжай шаруашылықтары үшін «смарт-технологиялар» бойынша оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда.
«Ақылды жылыжай университеттің ғылыми-білім беру қызметінде жаңа серпінді қамтамасыз етеді», - деп хабарлады университет ректоры Тілектес Есполов.