Шымкентте құны 650 млн доллар болатын жылыжайды түрік инвесторы салады
Alarko Holding түрік компаниясы «Бозарық» индустриялық аймағында құны 650 млн доллар болатын жылыжай кешенін салады. Жобаның іске асырылуымен вице-премьер Серік Жұманғарин мегаполиске сапары кезінде танысты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
«Alsera kz» ЖШС жылыжайы жаңа технологияларды қолдана отырып, кезең-кезеңімен 500 га алаңда іске қосылатын болады. Мұнда қияр, қызанақ, бақша дақылдары, тамыр дақылдары және басқа да ауылшаруашылық дақылдарын өсіру жоспарлануда. Кәсіпорында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының көлік-логистикалық орталығының аумағында ауданы 5 га «НМИ-Юг» ЖШС көпфункционалды қойма кешені салынуда. Жобаның құны – 10,2 млрд теңге. Құрылыстың бірінші кезеңін биыл аяқтау жоспарлануда, құрылыс-монтаж жұмыстары 90%-ға аяқталды. Қойма үй-жайларының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды.
Компанияның құрылтайшысы Айжан Наймбекованың айтуынша, бұл климатты бақылаудың икемді жүйесі және тоңазытқыш камераларының температурасын -18-ден +4 градусқа дейін реттеу мүмкіндігі бар А+ санатындағы қойма болады. Бұл тауарлардың кең ассортиментін сақтауды қамтамасыз етеді.
Серік Жұманғарин іске асырылып жатқан жобалардың келешегін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті, өйткені олар АӨК саласындағы мемлекеттік саясаттың өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту жөніндегі мақсаттарына жауап береді.