Қазақстан қырыққабаты керексіз болып қалды
Ауыл шаруашылығы министрлігі жиналған қырыққабатты сату мәселесін түсіндірді.
«Бұл өсірілген қырыққабат негізінен Ресей Федерациясына, Украинаға және Белоруссияға экспорттауға арналған. Бірақ барлық жерде карантин режимі енгізіліп, экспорттық-импорттық қатынастарға шектеу салынды. Сонымен қатар супермаркеттер, дүкендер, базарлар, мейрамханалар мен басқа да сауда нүктелерінің жабылуына байланысты қазақстандық қырыққабатқа деген сұраныс ел ішінде де, одан сырт жерлерде де күрт қысқарды», — деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның түсіндіруі бойынша, коронавирустың әлем бойынша қарқынды таралуынан туындаған азық-түлік тауарларына деген ажиотаждық сұраныс аясында Қазақстанда көкөністердің кейбір түрлерін, соның ішінде қырыққабат, пияз және сәбіз экспортына тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінде мәлімдегендей, аталған шешім ескі егіннің қалған аз қорын есепке ала отырып жасалды. Осылайша сыртқа шығаруға тыйым салу туралы бұйрық 22 наурыз күні азық түлікті жаппай елден алып кете бастағандықтан шығарылған еді және ол 11 күн мерзімге ғана қабылданған болатын.
«Аталған тыйым 2 сәуір күні алынып, фермерлер белгіленген квоталар аясында қырыққабат, пияз және сәбіз экспорттай алды. Осы уақыт ішінде 4 мың тонна қырыққабат экспортталды. Фитосанитарлық сертификаттар жедел түрде жазылып берілді, бірде - бір өнімге құжат беруден бас тарту әрекеті болған жоқ», — деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Биылғы жылы қырыққабат өнімін жинау 10 сәуірде басталды. Аймақтың қорына қажетті өнім көлемін сатып алғаннан кейін, 14 сәуірде шектеу толығымен алынып тасталды. Осы уақыт аралығынан бастап 20 мың тонна қырыққабатты экспорттау үшін 971 сертификат берілді. Алайда өнімге сұраныстың күрт төмендеуіне байланысты қырыққабатты сату мәселесі шыға бастады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бейне роликтер пайда болды, онда фермерлер егіс алқаптарында бұзылып жатқан өнімдерді көрсетіп, қырыққабаттың бір килограмын 10 теңгеден алмай жатқандығын айтып шағымданған еді.
Осы аптада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкімет отырысында аталған мәселені көтерген еді. Онда Түркістан облысының әкімі жиналған өнімді сатуға рұқсат беруге көмектесулерін сұраған. Өңірдің аграршылары 300 мың тонна қырыққабат өсірген. Бірақ қазір Ресейден сұраныс күрт азайды. Олар барлық облыстармен меморандумдар жасасқан. Осы жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрі өнімдерді сыртқа әкету туралы мәселе Ресей тарапымен талқыланып жатқандығын, бірақ әзірше шешілмегендігін жеткізді.