Қазақстан дизель отынын әкетуге тыйым салуды енгізеді
Қазақстанның Энергетика министрлігі "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бірлескен бұйрықтың жобасын дайындады. Құжат 31 қаңтарға дейін ашық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.
"Қазақстан Республикасының аумағынан көліктің барлық түрлерімен: бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге төрт ай мерзімге тыйым салу енгізілсін", - делінген құжатта.
Бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстанда егіс науқанына дайындық жүргізілуде. АШМ ақпараты бойынша, биыл дала жұмыстарына 413 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлінетін болады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың тоннаға артық. Фермерлер үшін баға нарықтық бағадан 15% төмен болады.
Фермерлерден көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. 2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 140 млрд теңге бөлінді.