Тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі СҚО-да іске қосылады
Солтүстік Қазақстан облысында 39 инвестициялық жобадан, оның ішінде АӨК саласында жалпы сомасы 469 млрд теңгеге пул қалыптастырылды, олар 2026 жылға дейін іске асырылатын болады. Оның ішінде ағымдағы жылы құны 56 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді.
«Өңірде неміс компаниясы Reimann тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жолға қойылады. Жобаның құны - 1,5 млрд теңге. «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының преференциялары шығарылатын өнімнің құнын 27%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, машина-трактор паркінің тозуы күрделі мәселеге айналды. Бұл көрсеткіш республика бойынша 80%, біздің облыста – 75% құрайды. Жыл сайын біз техниканың шамамен 5% жаңартып отырамыз. Енгізіліп жатқан машина жасау жобалары ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сондай-ақ, әкім 23 млрд теңге инвестицияланған «МаслоДел» компаниясының май экстракциялық зауытының құрылысын перспективалы жоба деп атады. Зауыт Орталық Азиядағы ең ірі зауытқа айналады. Кәсіпорынның өңдеу қуаты 370 мың тонна майлы дақылдарды, дайын өнім шығару - 120 мың тоннаны құрайды. Өнімнің 80%-на дейін экспорттау жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Евразиан Милк» компаниясы қатты ірімшік өндірісінің қуатын екі есеге – 6 мың тоннаға дейін арттыру үшін сүт зауытын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Жобаға инвестиция 1,5 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ, облыста инвестиция сомасы 9 млрд теңгені құрайтын құрама жем зауыты мен диірмен кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Келесі жылы тағы бір ірі жобаны «Хлебпром» компаниясы жүзеге асыруда. Ол құны 37,3 млрд теңге болатын кондитерлік өнімдер өндірісін іске қосады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 15 мың тонна өнімді құрайды.