Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы техникасына түгендеу жүргізуді ұсынды
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы техникасына түгендеу жүргізуді ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстанда машина-трактор паркінің нақты жаңаруы 5,5% жоспармен 3,1%-ды құрады.
«Ауыл шаруашылығы техникаларын түгендеу бойынша жұмыстарды сапалы жүргізу қажет. Бірлескен іс-қимылдың арнайы алгоритмі жергілікті атқарушы органдарға жеткізілді», - деді Сапаров.
Ол отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникаларын жылдық 5% "таза" жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасы іске қосылғанын еске салды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағдарламаны іске қосу бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдады, фермерлердің өтініштерін қарау қарқынды жүргізілуде», - деді министр.
Оның айтуынша, 20 шілдеге 32,2 млрд теңге сомасында шарттар жасалған.
«Облыс әкімдіктері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Үкімет тарапынан барлық қажетті жұмыстар қысқа мерзімде атқарылды», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.