ҚазАгроҚаржы ауылшаруашылық техникасын лизингке берудің үш бағдарламасын қайта бастады
Дүйсенбі, 12 тамызда ҚазАгроҚаржы ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің үш бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды бастайды: «Қазақстанда жасалған», «Өз жемшөбіміз» және «6% жеңілдікті лизинг». Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Осы үш бағдарлама бойынша аграрийлерді қаржыландыруға 11,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде «Өз жемшөбіміз» бағдарламасына 3,3 млрд теңге, «Қазақстанда жасалған» - 5,5 млрд теңге, «6% жеңілдікті лизинг» - 3 млрд теңге бағытталады. Өтінімдерді қабылдау Telegram-бот арқылы жүргізіледі.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6% мөлшерлеме бойынша аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының, отандық өндіріс/құрастыру көлік құралдарының лизингін көздейді. Аванс лизинг нысанасының құнының 15%-ын құрайды.
«Өз жемшөбіміз» бағдарламасы жемшөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін қаржыландыруға бағытталған. Мөлшерлеме – жылдық 6%, мерзімі – 10 жылға дейін, аванс – кемінде 15%, бұл ретте авансты төлеу бойынша кейінге қалдыру беріледі.
«6% жеңілдікті лизинг» отандық өндірістің/құрастырудың өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын 10 жылға дейінгі мерзімге аванссыз жеңілдікті шарттармен сатып алуды көздейді.
«Бағдарламалар фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына жаңа техниканы нарықтық бағадан айтарлықтай төмен жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігін береді. Тракторлар, комбайндар және арнайы техникаларды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы техникасының кең спектрін лизингке алуға болады», - деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.