2024 жылы Қазақстан ауыл шаруашылығы техникасы паркін 5,5%-ға жаңартты
Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 2024 жылы 5,5%-ды құрады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасында өткен жылы техниканы жаңартудың 5,2% мөлшеріндегі нысаналы индикаторы белгіленді. 2025 жылға арналған жоспар – паркті 6,5% жаңарту.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпараты бойынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша аграрийлер 227,5 млрд теңге сомасына 10,5 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алды, бұл өткен жылғы сатып алу көлемінің 41%-на жоғары (2023 жылы – 7460 бірлік). Жалпы республика бойынша фермерлер (өз қаражаты, лизинг және несиелендіру есебінен) 22,1 мың бірлік әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, бұл өткен жылғы деңгейден 13%-ға артық (2023 жылы 19,6 мың бірлік). Бұл ретте жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрады», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Тұжырымдаманы іске асыру туралы есебінде.
Сонымен қатар, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы паркіне түгендеу жүргізілуде. АШТМТ ақпараттық жүйесінде 1940-1990 жылдары шығарылған көптеген тракторлар мен комбайндар көрсетілген. Бұл техниканың көп бөлігі физикалық параметрлер бойынша әлдеқашан істен шыққан. Талдау нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктерге 25 жастан асқан ауыл шаруашылығы техникасына түгендеу жүргізу бойынша нысаналы индикаторларды жеткізді.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар 54 210 бірлік трактор мен 9031 бірлік комбайнға түгендеу жүргізді. Түгендеу нәтижелері бойынша өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының қоры өзектендірілетін болады», - деп АШМ хабарлады.