Қостанайда ауыл шаруашылық техникаларын қайта өңдеу зауыты салынады
Қостанайда 2021 жылы қолданыстан шығып, жарамсыз болған ауыл шаруашылық техникаларын қайта өңдеу зауыты салынады, деп хабарлады Оператор РОП компаниясының баспасөз қызметі.
Хабарламада айтылғандай, тозығы жеткен ескі техникаларды қайта өңдеу бойынша кластер құру туралы ұсынысты Оператор РОП компаниясының басшысы Медет Құрманғалиев ҚР Премьер –министрі Асқар Маминге ұсынған.
Аталған зауытта ауыл шаруашылығы техникасын, жеңіл және ауыр жүк көліктерін қайта өңдейтін шредер құрылғы орнатылатын болады.Бұл жоба ҚР –дың экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен алдын ала талқыланып, келісіліп, қолдау тапты. Зауыт темір қалдықтарды жинау және өңдеу саласындағы барлық заманауи стандарттарға сәйкес соғылады.
Сонымен қатар, бұл кластерге көліктің пластик қалдықтарын да қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар кіре алады. Істен шыққан электронды техниканы, тозған шиналарды жинап кәдеге асыруға болады.
Оператор РОП компаниясында бұл жобада кластерлік тәсілді қолдану саланы дамытуға ықпалын тигізеді деген ойда.Сондай-ақ 300-350 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар.
Алдын -ала жасалған есептер бойынша зауыт құрылысына 3,2 млрд теңге қажет. Жобаны іске асыру үшін инвестициялық ұсыныстарды қабылдау мақсатында байқау өткізіледі.
Зауыт құрылысы үшін «Қостанай» индустриялық аймағында 4 га жер бөлінді.
2020 жылы жобаны жүзеге асыруға байланысты дайындық жұмыстары басталады, ал 2021 жылдан зауытты салу, яғни керекті жабдықтар мен құрылыс жұмысын бастау жоспарланған.
Қазіргі кезде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 145 мың трактор және 38 мың комбайн бар. Осы техникалардың 76%.-ының тозығы жеткен.