Тоқаев KazRost Engineering Ltd компаниясын аралады
Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев KazRost Engineering Ltd компаниясында болды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникалары мен тракторларды құрастыру цехтарын аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған мекеме ресейлік «Ростсельмаш» компаниясымен ынтымақтастық шеңберінде VECTOR410KZ және ACROS астық жинау комбайндарын құрастыруды жүзеге асырады. Компания директоры Қайрат Қалманбаев хабарлағандай, өткен жылы зауытта 29,5 млрд теңгенің 504 комбайны шығарылды. Биылғы жылдың соңына дейін YTO маркалы 598 комбайн мен 300 доңғалақты трактор жинау жоспарланған. Қазір кәсіпорында 162 адам еңбек етеді.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстанда қытайдың YTO маркалы тракторлары шығарыла бастайды
Мемлекет басшысы Қазақстанның тың өңірлері үшін шығарылатын өнімнің маңыздылығын атап өтті.
«Негізінен, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау - біз үшін басты бағыттың бірі болып саналады. Үкімет ауыл шаруашылығы мәселелерімен айналысуы тиіс. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Азық-түлік бағасы 40% -ға өсті. Біз бағаның өсуін тежеуге тырысамыз, бұл міндет оңай емес, біз осы мәселелерді шешетін боламыз. Әрине, Қазақстан ауыл шаруашылығы дамыған елдердің қатарында болуы тиіс. Біз іс жүзінде ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзімізді -өзіміз қамтамасыз етуге көшуіміз керек. Қазір біз ірі компаниялармен және инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз», - деді ел Президенті.