Жасыл даму кәдеге жарату алымын қайта есептеуді бастамақ
"Жасыл даму" 25 мамырдан бастап кәдеге жарату төлемінің артық төленген қаражатын қайтаруды бастайды. Бұл туралы ElDala.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бүгінгі күні recycle.kz. ресми сайтында техникалық жұмыстар аяқталғаны атап өтіледі. Жеке кабинетке кіру ағымдағы жылдың 25 мамырынан бастап ашық болады.
"14 мамырдан кейін (қоса алғанда) ескі мөлшерлемелер бойынша өтінім берген жеке және заңды тұлғалар артық төленген соманы қайтара алады. Ол үшін E-otinish электрондық платформасы арқылы электронды-цифрлық қолтаңбамен өтініш беру қажет", - деп нақтылады "Жасыл даму".
Өтініште төлем тапсырмасын қоса бере отырып, қайтаруды жүзеге асыру үшін өтінімнің нөмірін, шоттың деректемелерін көрсету қажет.
Естеріңізге сала кетейік, кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі 50% - ға төмендеді, олар 14 мамырда күшіне енді. Қазақстандықтар осы уақытқа дейін бұйрықтың қолданылуын бастауды күтіп, әкелінген автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын ресімдеуге асықпады, бірақ күтпеген жерден жаңа мөлшерлемелер ҚР аумағына 14 мамырға дейін әкелінген көлікке қолданылмайтыны анықталды.
Кейінірек Экология министрлігі төмендетілген мөлшерлемелер 14 мамырдан бастап барлық көліктерге жарамды екенін және артық төленген алым қайтарылатынын хабарлады.