Азық-түлік корпорациясы астық сатып алу бағасын 15 қыркүйекте жариялайды
Азық-түлік корпорациясының ресурстарына жаңа астық сатып алу құнын 15 қыркүйекте жариялау жоспарлануда. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
"Ағымдағы жылы 1,1 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде бидай - 970 мың тонна, арпа - 110 мың тонна жеткізуге шарттар жасалды. Біз сатып алу бағаларын шамамен 15 қыркүйекте жариялауды жоспарлап отырмыз, өйткені осы уақытқа дейін бізде және басқа елдерде егіннің болжамы анық болады. Сондай-ақ нарық конъюнктурасы да түсінікті болады. Сондықтан осы уақытқа дейін фермерлер үшін объективті баға бере аламыз", - деді Ербол Қарашөкеев.
Ол сондай-ақ Азық-түлік корпорациясының 362,8 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар екенін атап өтті. Бұл көлемдер қажет болған жағдайда оны тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа бағытталатын болады.
Ағымдағы жылы әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру үшін Азық-түлік корпорациясының ресурстарынан ұн тарту кәсіпорындарына жоспар бойынша 256,8 мың тонна болғанда 204,9 мың тонна бидай жөнелтілді.