Қазақстанның ұн мен бидайды экспорттауға квота беруі Орталық Азия елдеріне кері әсерін тигізуде
Қазақстандағы төтенше жағдай кезіндегі ұн мен бидай экспортына салынған шектеулер Орталық Азия елдеріне әсер етуде. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші экономисті Сергий Зоря онлайн-брифинг барысында хабарлады.
«Орталық Азияның көптеген елдері Қазақстаннан келетін бидай мен ұн импортына қатты тәуелді. Сондықтан пандемия кезіндегі экспортқа салынған шектеулер бұл аймақтарға әсер етті. Көршілес, серіктес елдердің болашақтағы ынтымақтастық пен саудаға деген сеніміне сызат түсіп, теріс әсерін тигізді», деді Зоря.
Осы жағдайға байланысты сарапшы экспорттық квоталардан бас тарту дұрыс шешім болды, деп пікірін білдірді. Себебі Қазақстан экспортты шектемей-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын дәрежеге жеткен деді, ол.
Сонымен қатар, маман Зоря нан өнімі Орта Азия халықтары үшін негізгі тағам болып табылатындығын атап өтті.
«2019 жылы Қазақстанда бидай өндіру соңғы бес жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендеді, аталған жағдай коронавирустық пандемияға дейін де экспорттың төмендеуіне және бағаның өсуіне әкелген болатын. Қазақстан үкіметінің азық-түлікке салған шектеулерін түсінуге де болады, бірақ экономика мен экспортты қолдай отырып, дамудың жаңа жолына көшу керек. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды. Осындай кезде экспорттың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың басты шарттары – фермерлер, ауыл шаруашылық кәсіпорындары, экспорттаушылар өз өнімдерін сата алатындықтарына сенімді болулары керек», -деді Сергий Зоря.
Экономист маманның айтуынша, болашақта Қазақстан ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын реттеудің басқа тәсілдерін қолдануы керек. Атап айтқанда резервтерді тиімді басқаруды, бюджетті арттыруды және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауды пайдалануы қажет болады.
«Біз Қазақстандағы фермерлердің соншалықты бай емес екенін білеміз. Бірақ әрқашан төтенше жағдай болған кезде, үнемі соларға кесірі тиіп, экспорттық шектеулерге тыйым салынады. Сондықтан да шектеулерді алып тастау дұрыс шешім деп есептейміз. Болашақта мұндай шектеулер Орталық Азияның барлық елдерінде тек қиын жағдайларда ғана енгізіледі деп ойлаймыз»,-деп сөзін қорытындылады спикер.