Түркістан облысының диқандары бидай жинауға кірісті
Түркістан облысындағы «Ошақты» өндірістік кооперативі бидай жинауға кірісті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Биыл Келес ауданындағы «Ошақты» өндірістік кооперативі 150 гектар жерге бидай егіп, жаз маусымының ортасында астық жинауды бастады. Жиналған өнімді Бірлік ауылындағы қоймаға жеткізуде», - деп айтылды ӨКҚ хабарламасында.
Көктемде жауын-шашын аз болғанына қарамастан, диқандар жақсы өнім алды: әр гектардан 30-35 центнерден бидай жинады. Кооперативтің иесі Маханбет Қожағұлов мұны жердің құнарлылығымен байланыстырады.
«Ошақты» өндірістік кооперативі 1997 жылы құрылған. Кәсіпорында егін шаруашылығынан басқа, мал бордақылау алаңдары да бар. Кооперативте 90-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты түрде жұмыс істейді.